Мүмкіндігі шектеулі балалардың қатысуымен «Бірге жеңеміз» атты отбасылық спорттық жарыс өтті  

Бүгін Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының №5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында мүмкіндігі шектеулі балалардың қатысуымен «Бірге жеңеміз» атты отбасылық спорттық жарыс өткізілді.

«Рухани жаңғыру» аясында ұйымдастырылған отбасылық спорттық жарыстың салтанатты ашылуында «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нарбаев сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Спорттық додаға №4 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығынан және Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы балаларды оңалту орталығынан 4 топ (№4 Орталықтың отбасы, Наурызбаевтар, Абуталиевтер, Беркінбаевтар отбасылары) қатысты. Қатысушылар «Теңге алу, «Асық ату», «Жаяу тартыс», «Қол күрес», «Аш қасқыр мен қойлар» кезеңдері бойынша күш сынасты.

Шара барысында өнерпаз балалардың концерттік нөмірлері қойылды.

Тартысты өткен спорттық сайыстың қорытындысында І орынды Беркінбаевтар отбасы иеленсе, ІІ орынды Абуталиевтер мен №4 Орталықтың отбасылары өзара бөлісті, ІІІ орынға Наурызбаевтар отбасы ие болды.

Жеңімпаздарды «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің маманы Г.Бегалиева мен облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Е.Бықыбаев құттықтап,  дипломдар мен сыйлықтарын табыс етті.