Халықаралық қарттар күніне орай мерекелік шара өтті

Бүгін облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында Халықаралық қарттар күніне орай мерекелік іс-шара өтті.

Аталған шарада Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Айбек Әжібаев, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ермек Бықыбаев, №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының директоры Райхан Сейдалиева құттықтау сөз алып, қадірменді қарияларға шынайы алғыстары мен жылы лебіздерін білдірді.

Қазыналы қарияларға қуаныш сыйлау мақсатында ұйымдастырылған шара Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің өнерпаз студенттері дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.

Жастардың әсерлі әндерін тыңдап, билерін тамашалаған ата-әжелер көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.