«23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні» мерекесіне орай «Эрудиттер алаңы» атты интеллектуалды ойын өтті

Ағымдағы жылдың 20 маусымында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні» мерекесіне орай «Эрудиттер алаңы» атты интеллектуалды ойыны өтті.

Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру, ұжымда іскерлік және жағымды өзара қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған ойында «Алғырлар» және «Тапқырлар» атты мемлекеттік қызметшілерден құралған екі топ сайысқа түсті.

Екі топ «Бәйге», «Ғажайып алаң», «Мен оратормын» атты үш кезең бойынша жарысты. Бірінші кезеңде әр командаға әртүрлі тақырыптағы 10 сұрақ қойылды, оларға қатысушылар бірден жауап беру керек болды.

Сайыстың «Ғажайыптар алаңы» атты екінші кезеңінде екі топ «Қазақтың салт-дәстүрлері», «Тіл – ел байлығы», «Әртүрлі сұрақтар», «Ән – көңілдің ажары» атты 4 тақырып бойынша ұяшықтардағы 10, 20, 30 ұпайлық сұрақтарға жауап беріп, ұпай жинады.

«Мен оратормын» атты үшінші кезеңінде командалар «Мемлекеттік қызмет – мемлекет игілігі үшін адал еңбек» тақырыбы бойынша шешендік шеберліктерін көрсетті.

Эрудиттер сайысының қорытындысы бойынша «Тапқырлар» командасы жеңіске жетті. Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.