«2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәсілдері» тақырыбында брифинг өтті

Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов бүгінгі «Өңірлік коммуникациялар қызметінде» өткен брифингте 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәсілдері туралы баяндады.

Басқарма басшысы Министрлікпен әзірленген заң жобасындағы негізгі ұстанымдар мен бағыттарды атап өтті.

Негізгі ұстанымы – мемлекет көмекке шынайы мұқтаж азаматтарға көмектеседі! Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек, мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналасуға көмектеседі.

Кешенді шаралар 3 бағытты құрайды.

Біріншісі – көпбалалы отбасыларды жеке санатқа шығару және оларға кепілдендірілген жәрдемақыны ұсыну, бұл ретте көпбалалы отбасы – аз қамтылған отбасы деген стереотиптен алынып тасталынады. Сонымен қатар, бұл көпбалалы аналардың материалды жағдайына және әлеуметтік статусына қарамай авторитетін мойындау болып табылады және елімізде бала туу көрсеткішін жоғарылатады.

Екіншісі – аз қамтылған санаттағы азаматтарды қолдау және оларды еңбекке ынталандыру.

Үшіншісі  – барлық АӘК алушы отбасылардағы балаларға заттай қолдауды қамтитын кепілдендірілген пакетті ұсыну.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 9 айында АӘК 35,5 мың отбасына тағайындалды, ол 179,5 мың адамды құрады. Ал АӘК орташа мөлшері 2,5 есеге өсті. Барлық АӘК алушылардың жартысынан астамы көпбалалы жанұялар мүшелері. Ағымдағы жылы бюджетте АӘК төлеуге 21,6 млрд. теңге көзделген, оның ішінде 9 айда 67% немесе 14,5 млрд. теңге жұмсалды.